Қыркүейк айында Мөлдір Әуелбекова қыздар құралған топқа кастинг жариялаған болатын. Алайда, 4 ай бойы Мөлдір ол туралы тіл қатпады. Енді міне, жас продюсер әнші балапандарын елге көрсетуге дайын.

Nazar тобы:

«Біздің продюсеріміз елімізге танымал әнші Мөлдір Әуелбекова. Барлығымызды кастинг арқылы іріктеп таңдап алды. Қазіргі таңда біздің бүкіл жағдайымызды жасап, өнерге талпынысымызды арттырып жатыр».


Ендеше, таныс болыңыздар. 400-ге жуық қыздардың арасынан суырылып шыққан мына сүйкімді арулар.

«Сәлеметсіздерме, біз Назар тобы алдарыңызда мен Еркежан. Мен Салтанат, Аяжан, есімім Анеля».

Жас болса да, қыздардың алға қойған мақсаттары таудай.

«Алдағы уақытта біздің жоспарларымыз өте көп. Біз халықаралық байқауларға қатысқымыз келеді. Және де біздің халыққа ұсынатын бейнебаяндарымыз, әндеріміз өте көп болады. Алдағы уақытта өнер жолын тастамаймыз деп ойлаймын».


Әрине, енді құрылған топтардың көбісі өнер жолын тастамауға сөз береді. Алайда, уақыт көрсеткендей, қыздар тобының құрамы өте жиі өзгеріп тұрады. Мысалы...жарайды, оны айтпасақ та, белгілі. Алайда, Назар тобы еш нәрседен қорықпаймыз дейді.

«Өнер жолынан қорықпаймыз».


Әрине қорықпайды, өйткені олардың продюсері Әуелбекова.

«Біздің продюсеріміз Мөлдір ханым жұмыс барысында қаталдық танытады. Бірақ өзіміз сияқты қарапайым адам. Біз ол кісіні өте жақсы көреміз».

Ал, кейбір топтардың тарап кетуі қыздардың тұрмыс құруымен байланысты.

«Біздің басымыз бос. Қазіргі таңда күйеуге шығатын ойымыз жоқ. Осы жұмысқа өзімізді барша салып жатырмыз».


Иә, дұрыс айтасыз. Ал, 4 айдың ішінде нәтиже бар ма?

«Осы уақытқа дейін 10 әніміз жазылды. Осы бұйырса көктем айларында біздің бейнеклиптеріміз шығады».

Қыздар «Nazar» тобына қабылдандыңдар деген сөзді естіген кезде бақыттан бастары айналып кетіпті.

«Назар тобының құрамындамын дегенді естіген кезде өте қуанышты болдым. Төртеуміз бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Бір-бірімізге хабарды жеткізіп, өте қуанышты болдық».


Иә, жер домалақ деп бекер айтылмаған екен.

«Барлығымыз әр қалада тұрғанымен, байқауларда танысып, білісіп жүрген. Анельді мен бұрыннан танимын, бірге оқимыз. Еркежан менің бұрынғы оқыған колледжімнен. Салтанатты байқауларда көргенбіз».


Айтпақшы, төртеуі де Алматыда тұрмайды. Бұл жан-жақтан жиналған топ.

«Топтың үлкені мен, Тараздан боламын. Екінші топтың үлкені Еркежан, одан соң Салтанат, Анель. Еркежан бізде Семей қаласынан, Салтанат Сәтпаев қаласынан. Анель Талдықорған қаласынан».

Қазіргі таңда Назар тобы әпкелі-сіңілер секілді бір шаңырақтың астында тұрып жатыр.

«Біз барлығымыз бір үйде тұрамыз. Өте татумыз. Бір жанұямыз, солай емес пе?».


Бәрекелді. Бірақ, бүгінде жыл сайын эстрадаға жаңа топ қосылып жатыр. Алайда, көбісі бір-бірінен аумайды. Өйткені, ерекшеліктер аздау. Ал, жаңа құрылған топтың ерекшелігі бар ма екен? Оны қыздардың өзінен білейік.

«Біздің ерекшелігіміз, біз біріншіден Мөлдір Әуелбекованың тобындамыз. Және де біз жанды дауыста әндер айтатын боламыз. Бізді түнгі 3 те оятып жіберсе де, біз тұрып сіздерге жанды дауыста күштілеп тұрып ән айтып бере аламыз төрт дауыста».


Солай ма? Онда дәл қазір сағат түнгі үш деп елестетіңіздер. Ал, бастайық.

Жарайсыздар, қыздар. Ендеше, қадамдарыңыз құтты болсын. Алдағы уақытта кездескенше.

0 Түсініктеме

Әйгілі жаңалықтар