Осыдан екі жыл бұрын елордалық тыңдармандарға жеке концертін ұсынған Сәкен Майғазиев бұл жолы кешін Алматыда өткізбек. Алайда, концерт 7 наурызға жоспарланса да, әнші дайындықты бастамапты.
Сәкен Майғазиев, әнші:
«Оған дайындықты әлі бастаған жоқпыз. Неге десеңіз, мен бір айдың көлемі болды, өкінішке орай тамағыма бір зақымдар келіп, емделу үстіндемін. Келесі аптада өзімнің қалпыма келемін деген ойдамын».


Кеш қайтадан Халықаралық арулар мерекесінің қарсаңында өткізілмек. Әрине, МузАрттың қатысуымен.
«Бұл жолы басқа команда. Тіпті, вокалды-аспап ансамбль біз сүйемелдеп жүрген МузАрт тобының өзі залда қонақта болады деп отырмыз. Бірақ енді Мейрамбек пен Кенжебек өнер көрсетеді».


Әнші шығармашылық жағынан өзін жаңа қырынан көрсетпек. Сәкен мырзаның айтуынша, ол көрермендеріне өте көп тосын-сый дайындап қойды. Тіпті, оған қаржыны да аяп жатқан жоқ.
«Мен өзімнің жан-жақты әнші екінімді көрсеткім келеді бір сөзбен айтқанда. Джаз орындау және классикалық шығармаларды орындап қалуым мүмкін. Концертті көріңіздер бір сөзбен айтқанда».


2015 жылы Сәкен мырза алғаш кешін өткізді. Әрине, қателіктер де орын алыпты.
«Әбден МузАртқа бұрын Мақсатқа, Мейрамбекке, қазір Кенжебекке арқа сүйеп қалған Сәкен, жеке шапқан кезде кәдімгідей тосылып қалған кездерім болды сөзден жаңылып деген сияқты. Осы жолы ондай қателіктерге боялдырмаймын деп ойлаймын, бірақ қобалжу болмай тұрмайды».


Жуырда МузАрттың Мейрамбегі кешін өткізді. Бірінші рет емес. Ал, Сәкен мырзаның бұл тек екінші жеке концерті. Өйткені, ол көп уақытын топқа бөлді. Алайда, бүгін әнші ән-қоржынын толықтырып, тіпті бір кештің бағдарламасына туындыларын сидыра алмай жүр.
«Бір сөзбен айтқанда, репертуарым ауыз-мұрынымнан шығып жатыр, тасып жатыр. Бірақ режиссердың көзқарасымен теп-тегіс концерт болу керек деп, кішігірім спектакль болу керек деген ниетпен бір тыныспен өтіп кеткенін қалап отырмыз».


Бұл Майғазиевтердің отбасында жалғыз жаңалық емес. Өйткені, жуырда жары Динара әншіге тағы бір сәбиді сыйламақ.
«Төртіншімізді күтіп отырмыз. Бірақ енді бір бағдарламаның жүргізушісі ұлдың жаялығын дейтін бе еді, ұлдын белгісімен сыйлық сыйлады. Бірақ оны Алла біледі, ұл ма қыз ба? Мен ұл болса да, қыз болса да иманды, ақылды етіп берсін деп тілеймін».


Алдағы уақытта Сәкен мырзаның қыздарын сахнадан көрсеңіздер, таңқалмаңыздар.
«Өнер жолы өте ауыр екенін білемін, бірақ кейді Бибігүл апаларымызға, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева әпкелерімізге қарап, неге қыздарымды сондай өнердің бір биігін бағындырмасқа деген ой да кетеді».


Айтпақшы, аталмыш күні Smart өнер мектебінің оқушылары да өнер көрсетпек.
«Ешқайссысын бөліп жарып сен алға тұр, сенің арбаң жүрсін, менікі қоя тұрсын деген әңгіме жоқ. Үлкен Республика сарайында екінің бірі шығып үлгермеген үлкен сарайда өнер көрсетеді. Ата-аналары да өте қуанышты».


Сәкен Майғазиев эстрададағы әншілердің арасындағы жас көрінетіндердің қатарында. Әнші бұл пікірмен келіспесе де, жастық шағын еске алмақ.
«Би болады. Келіп көріңіздер, барлығын айтсам қызық болмайды ғой. Құдай өзі кешірсін, 43 келіп қылық шығарайын деп жатырмын».


Айта кетейік, концертке орай әнші байқау жариялауда. Дәл сіз Сәкен мырзамен бірге концертте дуэт айтқыңыз келсе, мұқият тыңдаңыз.
«Сол концертте мен осыған дейін Шәмшінахармен, Маржан Арапбаевамен орындаған «Сен едің» деген менің қоржынымдағы әнді менімен орындауға мүмкіндік туып тұр. Ол үшін кішкентай ғана байқауға қатысу керек. Инстаграм желісі арқылы Сәкенмен дуэт деген хэштэг арқылы «Сен едің» бір шумағын немесе қайырмасын айтып, мүмкіндігіңізді көрсетсеңіз болады».


Ендеше, мүмкіндігіңізді жоғалтып алмаңыз. Өйткені, үлкен концертке аз

уақыт қалды. Жуырда билеттер сатылымға шығады. Сондықтан, күтіңіздер.

0 Түсініктеме

Әйгілі жаңалықтар